Оралда 3 жасар қыз бесінші қабаттың терезесінен құлап кете жаздады
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 23 қыркүйек күні шамамен сағат 12.55-те У.Громова көшесіндегі бес қабатты үйде болды.
Бесінші қабат терезесінен 3 жасар қызды көрген тұрғындар 102 телефонына хабарлаған.
Оқиға орнына тез жеткен учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ақылбек Айтқожин құтқарушылар келгенше есік арқылы бүлдіршінді әңгімеге тартып, терезеден құлауға жол бермеген.
ТЖД қызметкерлері есікті ашып, ішке кіріп, анасының келуін күткен.
Қыздың анасының сөзіне қарағанда, ол түс кезінде екі үлкен баласын мектепке апару үшін ұйықтап жатқан қызын сыртынан кілттеп, кетіп қалған.
Жарты сағаттай уақыт ішінде ұйқыдан оянған қыз басын терезеден шығарып тұрған. Оны көрген көршілер полицияға хабар берген.
Қыздың анасы дер кезінде жетіп, қолұшын бергені үшін полицей мен құтқарушыларға алғысын білдірді.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, сағат 13.02-де кішкентай қызды құтқаруға жедел құтқару жасағынан 4 қызметкер, 1 техниканың қатысқанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда төртінші қабаттан құлаған қыз баланың жағдайы өте ауыр екенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Оралда 28 жастағы келіншек жаңа туған сәбиін сатып жіберген.