Оралда 5 жасар баланы ит талап тастады — мекемелер жауабы қандай
ОРАЛ. KAZINFORM — Оралдағы 10-шағынауданда 5 жасар баланы иттердің талап тастағаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Қала тұрғыны Бейбіт Иманғалидың мәлім еткеніндей, көршісінің иттер талаған баласы ауруханада емделген. Қазір жағдайы ауыр.
— Қаңғыбас иттерді кім ұстайды? Баланың тағдырына кім жауап береді? Бұл маңда екі мектеп, екі балабақша бар, балалар көп жүреді. Иттер жоғалып кеткендей болған, міне, қайтадан төртеуі жүр. Адамға шабуы тоқталар емес. Осы алаңда тездетіп бір нысан салмаса, иттердің мекеніне айналды, — дейді Бейбіт Иманғали.
Аталмыш мәселеге орай Kazinform тілшісі тиісті мекемелерге арнайы сұрау салған еді.
Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта заңнамаға енгізілген өзгерістерге және қолданыстағы қағидалардың жаңартылуына байланысты қаңғыбас жануарларды аулау және уақытша ұстау жұмыстары әзірге тоқтатылды.
Сонымен қатар тұрғындардан жануарлардың адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі немесе өзге де жағдайлар бойынша арыз-шағымдар түскен жағдайда тиісті мамандар көрсетілген мекенжайға барып, қажетті шараларды қабылдайды.
— Күні бүгін облыстық ветеринария басқармасы жануарларды аулау, уақытша ұстау және одан әрі әрекет ету тәртібін реттейтін жаңа қағидаларды әзірлеуде. Дайындалған құжат бекіту үшін облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылады. Жаңа қағидалар бекітілгеннен кейін жануарларды аулау, бес күнге дейін уақытша ұстау, иелерін іздестіру және басқа да тиісті шаралар белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылатын болады, — делінген ресми жауапта.
БҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жазира Кенженің нақтылауынша, бұл дерек тіркелген.
— Тексеру жұмыстары жүргізілді. Қалалық әкімдікке және қаңғыбас иттерді аулаумен айналысатын мекемеге тиісті хат жолданды. Аталмыш жағдай бақылауға алынды, — деді Жазира Кенже.
Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гауһар Дүйсеғалиеваның айтуынша, биылғы он айда жануарлардың тістеуінен 1 745 адам зардап шексе, соның 701-і — балалар. Жануарлардың тістеуі адам денсаулығына қауіп төндіреді. Әсіресе, ит пен мысықтың, сондай-ақ қаңғыбас жануарлардың тістеуі мен тырнауы түрлі жұқпалы аурулардың, соның ішінде аса қауіпті құтыру ауруының жұғу қаупін тудырады.
Жыл басынан бері қала бойынша құтыру ауруының бірде-бір дерегі тіркелген жоқ.
Құтыру — орталық жүйке жүйесін зақымдайтын, клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін өлімге әкелетін аса қауіпті вирустық ауру. Адамға көбінесе ауру жануардың тістеуі, тырнауы немесе сілекейінің зақымдалған теріге және шырышты қабаттарға түсуі арқылы жұғады.
Маманның пайымдауынша, жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда жарақат алған жерді дереу сабынды ағын сумен кемінде 15 минут бойы мұқият жуып, антисептикалық құралмен өңдеу керек. Мүмкіндігінше тез арада медициналық ұйымға жүгініп, дәрігердің тағайындауы бойынша құтыруға қарсы вакцинация курсын толық алу маңызды. Құтыруға қарсы екпені уақытылы алу аурудың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Жануардың сыртқы көрінісіне қарап оның құтыру ауруымен ауырмайтынын анықтау мүмкін емес.
— Сонымен қатар үй жануарларының иелері оларды ветеринариялық есепке қойып, құтыруға қарсы жоспарлы вакцинациядан өткізуі, серуендеу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауы және жануарларды қараусыз қалдырмауы қажет. Ата-аналарға балаларды қараусыз жүрген жануарларға жақындатпауға, оларды үркітпеуге және жануарлармен қарым-қатынас кезінде сақ болуға кеңес беріледі, — деді Гауһар Дүйсеғалиева.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы «Жәрдем-Вет» оқу-ғылыми-өндірістік орталығының меңгерушісі Бекжасар Сидиховтың мәлімдеуінше, бұрынғы бағдарламаға сәйкес қараусыз жүрген иесіз иттерді бірдейлендіру базасына енгізу, олардың санын реттеу мақсатында стерилизациялау және кастрациялау, инвазиялық аурулардың алдын алу үшін паразиттерге қарсы дегельминтизациялау мен құтыру ауруының алдын алу мақсатында вакцинациялау ветеринарлық қызметін көрсетіп келді. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұралқы (қаңғыбас) иттерге қатысты заңнамаға 2026 жылы маңызды өзгерістер енгізді.
Жаңа өзгерістерге сәйкес иесіз иттер арнайы аулау қызметі арқылы ұсталады. Ауланған иттер бұрынғы жүрген жеріне қайта жіберілмейді. Иттерді уақытша ұстау орындарына немесе жануарларға арналған панажайларға орналастыру көзделеді. Оларды жаңа иелеріне, азаматтарға және жануарларды қорғау ұйымдарына беру мүмкіндігі қарастырылады.
— Иттерді аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуға тиіс. Бұрынғы ветеринарлық қызмет түрлерінің жойылуына байланысты біздер сегіз жыл бойы жүргізіліп келген өз жұмысымызды тоқтаттық. Кейінгі уақытта бұл жұмыспен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі айналысады, — деді Бекжасар Сидихов.
Еске салайық, бұдан бұрын БҚО-да қаңғыбас иттер мәселесін шешудің жолдары туралы жазған едік.