Оралда 7 мың теңге үшін кісі өлтірген күдіктілер іздері суымай құрықталды
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, белгісіз біреулер ер адамды қатыгездікпен ұрып-соғып, оның үстіне аяқтарымен секірген, денесінде және киімінде аяқ киімнің қан іздері қалған. Марқұмның ешқандай құжаты болмаған. Бір сағаттан кейін «Папиллон» республикалық жүйесі арқылы оның Өзбекстан Республикасы Сурхандария облысының 1975 жылғы Ш. деген тұрғыны екені анықталды. Ол 2005 жылы Астана қалалық ішкі істер басқармасының қабылдау-бөлу орнында болған екен.
Жедел басқару орталығының және жеке ұйымдардың бейнекамераларындағы жазбаны зерделеу нәтижесінде полиция жәбірленушінің ізіне түсті, ол салық басқармасынан шыққан соң бір дәмханаға барған. Дәмхана иесінің айтуынша, онымен бірге екі белгісіз ер адам отырып, кешке қарай бірге шығып кеткен. Олар марқұмның ақшасына қызықса керек.
Бейнекамераны одан әрі зерделеу барысында жаңағы екі клиенттің өздерінің «құрбандарымен» сол шағынауданда, №44 орта мектеп ауласында жүргені белгілі болды. Мәйіт те дәл осы жерден табылған еді.
Куәгерлердің сипаттаған белгілері бойынша электронды базадан тексеру барысында бұрын бірнеше қайтара сотталған екі адам: бұрын ұрлық жасағаны үшін бес рет сотталған 27 жастағы кәнігі баукеспе мен кісі өлтіру, бұзақылық, тонау және қарақшылық шабуылы үшін үш рет сотталған 33 жастағы қауіпті қылмыскер анықталды. Олар Ақтау қаласындағы колонияда жазаларын бірге өтеп, ағымдағы жылдың ақпан айында босап шыққан.
Тексеру кезінде күдіктілер үйлерінде болмай шықты. Бірақ бейнекамера олардың кісі өлімінен кейін қалааралық бағытқа кету үшін такси іздеп жүргенін көрсетті. Таксистердің айтуынша, күдіктілер қылмыс болған соң 6 сағаттан кейін Атырау қаласына кеткен. Орал қаласынан Атырауға оларды ұстау үшін арнайы топ дереу аттанып кетті.
Атырау облысы ішкі істер департаменті бейне жүйелерінің, есептерінің, инновациялық технологияларының арқасында және атыраулық әріптестердің көмегімен 2 сағат ішінде оралдық полицейлер күдіктілер жасырынған жалдамалы пәтерді анықтады. Олар сол түні қылмыстық «гастрольдерін» жалғастыру үшін Астанаға аттанбақшы екен. Бірақ олардың жоспарлары бұзылып, қолға түсті.
Қазіргі уақытта күдіктілер Орал қаласына жеткізіліп, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды, енді сот залында тиісті жазаларын алады.
Ең өкініштісі, қала тұрғындарының жәбірленушінің жанайқайына немқұрайлылық танытып, небәрі 7 мың теңге үшін қылмыскерлер оны жарты сағат бойы аяусыз ұрып-соққан кезде ешкім полицияға хабар бермеген.