Оралда 71 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда күні бүгін 71 426 адам жер телімі кезегінде тұр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қала әкімі Мұрат Мұқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Оның айтуынша, жеке тұрғын үй салуға жер телімдерін беру өзекті мәселенің бірі болып отыр.

Өкінішке қарай, дайындалған алаңдардың болмауына байланысты жер телімдерін беру 2012 жылдан бері тоқтап тұр. 2000-2012 жылдар аралығында жалпы көлемі 1496,72 га жер телімі 15 мыңға жуық азаматқа берілген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазіргі таңда елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны мәлім. Осыған орай Круглоозерный кенттік округі аумағында детальды жобалау жоспары (ПДП) жасалды. Ол жеке тұрғын үй салу үшін арнайы есепке тұрған азаматтарға 1145 жер телімін беруді көздейді. Детальды жобалау жоспарына сәйкес алдағы жылдан бастап бұл аумақта инженерлік желілермен (газ, электр қуаты, су, жол) қатар мектеп, балабақша, емхана, спорт кешені секілді әлеуметтік нысандар салынады.

«2011 жылдың шілде айында ҚР Жер кодексінің 50-бабына өзгерістер енгізіліп, соған сәйкес жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдері 2 жыл мерзімге дейін жалдау шартымен қысқа мерзімге  уақытша пайдалануға берілетін болды. Бұрын осындай жер телімдері бірден жеке меншікке берілгендіктен, оны алған азаматтардың көпшілігі игермей, алып-сатумен айналысып келгені белгілі.  Енді жер телімдері онда тұрғызылған үйдің құрылысы бітіп, қабылдау актісіне қол қойылғаннан кейін ғана жеке меншікке өтеді», деді.

Шаһар басшысы сондай-ақ қала аумағында 165 бау-бақша серіктестігі орналасқандығын жеткізді. Ондағы азаматтардың көбі жер телімдерін алғаннан кейін заңды дұрыс білмегендіктен, өз аттарына уақтылы аудармаған. Бірақ тиісті рұқсат беретін құжаттары болмаса да, жер телімдерін өз мақсатына пайдаланып отыр. 2016 жылдың 6 мамырындағы «Жер заңдылығының жекелеген нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлыққа байланысты енді ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікке берілмейді. Мораторий 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады.

Сонымен қатар қалада иесіз жатқан, пайдаланылмаған немесе ҚР заңдылығы талаптарына сай келмейтін жерлерді анықтау жұмыстары жүргізілуде. 2016-2018 жылдары иесі жоқ 123 жер телімі анықталып, есепке алынды. Алдағы уақытта бұл жерлер сот шешімімен мемлекет меншігіне өтеді.

«Өткен жылдың соңында цифрландыру аясында облыс әкімінің бастамасымен жер телімін таңдау актісін келісуді автоматтандыру қолға алынды. Енді қол жинау толық автоматты режимде жүзеге асады. Нақты айтқанда, таңдау актісі жасалғаннан кейін, сәулет бөлімінің маманы ол актіні келісу үшін мекеме-ұйымдарға электронды жүйе арқылы өзі жібереді. Нәтижесінде қызметті алу уақыты елеулі қысқарады. Мысалы, бұрын оған 2-3 ай уақыт кететін болса, енді бұл процедура 5-10 күннен аспайды. Жоба 26 наурызда іске қосылды, оған 19 мекеме-ұйым тартылған», - деді Мұрат Мұқаев. 

Соңғы жаңалықтар