Оралда әділет қызметкерлерінің күні аталып өтілді

Мемлекет басшысының 2012 жылдың 20 қазанындағы №164 Жарлығымен әділет органдары қызметкерлерінің күнін атап өту белгіленген болатын. Соған орай биыл еліміз бойынша алғашқы рет бұл мереке кең көлемде тойлануда. ҚР Әділет министрлігімен кәсіби мерекені атап өтуге арналған республикалық жоспар бекітілді. Осы жоспарға сәйкес, 20 қыркүйек пен 30 қазан күндері аралығында мерекелік шаралар өтуде.
Жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтаған облыстық әділет департаментінің бастығы Әсия Мұхитова, облыстық сот актілерін орындау департаментінің бастығы Күнсәуле Аралбекова республикамыздың мемлекеттілігін қалыптастыруда әділет органдарының рөлі зор екендігін атап өтті. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап ҚР Әділет министрлігі мен оның құрылымдық бөлімшелері мемлекеттік қызметті құқықтық тұрғыдан қамтуды жоғары кәсіби деңгейде жүзеге асырып келеді. Еліміздің заңнамаларын дайындауда да әділет органдарының орны ерекше. Әрбір заң жобасы Парламентке бармас бұрын ҚР Әділет министрлігінде өңдеуден өтеді. Кәсіби мереке аясында облыстық әділет департаментімен «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні» акциялары өтіп жатыр. Яғни заң көмегіне мұқтаж мүгедектердің үйлеріне барып, оларға тегін кеңестер берілуде. Оқушылармен, студенттермен кездесу шаралары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинар-кеңестер өткізу жоспарлануда.
Шара барысында әділет органдарына жаңадан қызметке қабылданған жас мамандар ант қабылдады. Содан соң әділеттілікті және заңдылықты орнатуға үлес қосқандар, қызметте үздік деп танылғандар марапатталды. Мәселен, Тасқала аудандық әділет басқармасының бастығы Қарлығаш Тасқалиева «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін алса, облыстық әділет департаментінің бас маманы Надежда Голубир «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» атанды, Орал қалалық әділет басқармасының бас маманы Рашида Қайбалиева І дәрежелі «Заңгер» төсбелгісін иеленді.
Шара соңы мерекелік концертке ұласты.