00:40, 08 Маусым 2023 | GMT +5
Оралда ағайынды екі жасөспірім суға кетіп қала жаздады
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ағайынды екі жасөспірім суға кетіп қала жаздады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 7 маусым күні кешкісін қалалық мәдениет және демалыс саябағы аумағында болды.
«Сағат 20.50-де жаяу жүргіншілер көпірінің астында 11 жасар бала байқаусызда Шаған өзеніне құлап кеткен. Оны құтқарамын деп 16 жастағы ағасы суға секірген. Сол кезде олардың анасы айқайлап, көмекке шақырған. Өзен бойымен патрульдеуде жүрген екі құтқарушы қайықпен жедел жетіп, жасөспірімдерді құтқарып қалды», деп хабарлады ведомстводан.
Өткен жылы облыста 15 адам суға батып кетсе, соның алтауы – балалар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда су айдындарында 24 жағажайдың жұмыс істейтінін жазған едік.