Оралда ақын Ғұмар Қараштың 150 жылдығына арналған жыр мүшәйрасы мәресіне жетті
ОРАЛ. KAZINFORM – Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында қазақтың көрнекті ақыны, ойшыл, философ Ғұмар Қараштың 150 жылдығына арналған «Асылдығын алты алашқа білгізген» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Мерейтойлық іс-шараның басты мақсаты – Ғұмар Қараштың 150 жылдығына орай ақын мұраларын кеңінен насихаттау, тарихи сананы қалыптастыру, отансүйгіштік рухты көтеру және тарихтан тағылым алу.
Жәнібек ауданы әкімдігі Қазақстан Жазушылар одағы БҚО-дағы өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырған жыр байқауына барлығы 10 жас ақын қатысып, бақ сынады. Мүшәйраға Жәнібек ауданының тумасы, Ақмола облысы Бұланды аудандық мәслихатының депутаты Әлішер Кенжеғалиев демеушілік жасады.

Қазылар алқасының ұйғарымымен Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Жанерке Ғинаят бірінші орынға ие болды. Жүлделі екінші орынды Меңдібек Лұқпанов, ал үшінші орынды Нұрым Ғұмар мен Азамат Бақиев иеленді. Қалған алты ақын да құр қол кетпей, ынталандыру сыйлықтарын алды.
– Ғұмар Қараш – Алаш жұртын ағартушылыққа үндеп, ілім-білімге жол сілтеген ғұлама бабамыз. Мүшәйра жарияланғаны туралы газеттен оқығаннан кейін бақ сынап көрдім. Бірінші орын алғаныма қуаныштымын. Бұл – бірінші мүшәйрам емес. Алдағы уақытта қаламымды қолдан түсірмей, журналистік жолда да шыңдала бергім келеді, - деді Жанерке Ғинаят.

Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов мүшәйра ақын, ойшыл ғұлама Ғұмар Қараштың 150 жылдығына орай биыл жоспарланған іс-шаралардың бірі екенін жеткізді.
– Жас ақындардың, өскелең ұрпақтың ғұмартануға бет бұруы үшін мұндай байқаулардың маңызы зор. Өшкенімізді жандырып, өткенімізді түгендеу мақсатында биылғы сәуір айында көптеген іс-шараны ойластырып едік. Соның бірі – жас ақындардың жыр мүшәйрасы мәресіне жетіп, көңіл бірленді. Ғұмар Қараш туралы жерлес қаламгер Нұрлан Сәдір жазған пьеса Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрына тапсырылды. Оны бас режиссер Алмат Шәріпов жыл соңына дейін сахналап, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен көрермендерге ұсынады. Сондай-ақ «Хабар» арнасы деректі фильм түсірсе, Астана қаласында ғұмартанушы, өлкетанушы Жантас Сафуллин шығарған Ғұмар Қараш шығармаларының үш томдығының таныстырылымы болады. Оған қоса Орал қаласында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Мерейтой Жәнібек ауданында республикалық ақындар айтысы және дала қызықтарымен қорытындыланады, - деді Ж.Ахметов.

Қазылар алқасының төрағасы, белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының БҚО-дағы өкілі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин бірегей таланттардың тағдыры сүргіленген тақтайдай тегіс бола бермейтініне, көпшілігінің өмір жолы түрлі қиындыққа толы екеніне назар аударды.
– Дүниеден өткеннен кейін де Ғұмар Қараштың тағдыры, рухани мұрасының жолы өте ауыр болды. Кеңес өкіметі кезінде атын атауға, өлеңдерін оқуға, шығармашылығын насихаттауға тыйым салынды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыған кезімізде бізге белгілі ғалым, филология ғылымының докторы Зейнол-Ғабден Бисенғали қазіргі заманғы қазақ әдебиетінен дәріс берді. Ол кісінің айтуынша, өткен ғасырдың отызыншы жылдарының шамасында, саяси қуғын-сүргін басталмай тұрған кезде қазақ зиялыларының арасында «Қазақтың бас ақыны деп кімді танимыз, Абайды ма, Ғұмар Қарашты ма?» деген қызу пікірталас болған. Осы бір ауыз сөзден-ақ Ғұмар Қараштың интеллектуалды тұлға екенін, қазақ әдебиетіндегі орнының қаншалықты жоғары тұрғанын бағамдай беруге болады, - деді Б.Ғұбайдуллин.


Жас ақындардың өлеңдерін сондай-ақ Дәулеткерей Құсайынов, Қазыбек Құттымұратұлы, Нұртай Текебаев сынды ақын-журналистер таразылап, бағасын берді.

Уақыттың тығыздығына байланысты жастардың Ғұмар Қараш шығармашылығына тереңдей алмағаны, ақын мұрасының ғалымдардың зерттеу нысанасына айналуы керектігі айтылды. Өйткені алты Алаштың азаттығы үшін күресіп, сол жолда қаза тапқан қайраткер ақынның өлеңдері мен туындыларын насихаттау жағы әлі де кемшін түсіп тұр. Бұл бағытта қыруар іс тындыру бүгінгі ұрпақтың еншісінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 6 білім ғимараты пайдалануға берілетінін жазған едік.