Оралда ақын, журналист Ботагөз Баймұқанқызын еске алу кеші өтті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақын, тележурналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Ботагөз Баймұқанқызының (1956-2006) 60 жылдығына орай БҚО тарихи-өлкетану мұражайында «Ақынның мәңгілік әуені» атты көрме ұйымдастырылып, еске алу кеші өтті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның өңірлік тілшісі хабарлайды.
None
None

null null
Шара барысында өлкетанушы Сара Танабаева, ақындар, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдырниязова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұнайдар Балмолда, белгілі әнші-термеші Сағадат Рахметжанов естеліктерімен бөлісті.

Әнші, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Еркін Өтегенов Ботагөз Баймұқанқызының сөзіне жазылған Сейітқали Қайырғалиевтің Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова шырқап жүрген «Кетсең де шалғай...» әнін орындаған кезде жиналғандар сілтідей тынды. Бұл ән Ақ Жайық жұртшылығы «Боташ» деп атап кеткен ақын қыздың дәл өзіне арналғандай, ел сағынышын жеткізіп тұрды. Осыдан тура он жыл бұрын жол апатынан көз жұмған Ботагөз Баймұқанқызының мүлде шалғайға, мәңгі оралмас сапарға кеткені, әрине, өкінішті.
null null  

1956 жылы 2 қазанда Ақтөбе облысы Байғанин ауданында дүниеге келген Ботагөз 1974 жылы Орал педагогика институтына түскен кезде осы өңірге біржола тұрақтап қалатынын білген жоқ. 1978 жылы аталған оқу орнын тәмамдағаннан кейін ол өмірін журналистикаға арнап, «Қазақстан - Орал» телеарнасында ұзақ жыл қызмет етті. Оның жастар тәрбиесі мен отбасы өнегесіне арналған «Ақ отау», «Қыз Жібек», «Ақ босаға», ел ішінде жүрген өнерпаздар мен ұлттық мұраны насихаттайтын «Халық таланттары», «Асыл мұра» сынды бағдарламалары өз алдына, бір ғана «Дидар» хабары арқылы Ақ Жайық өңірінің барлық талантты өкілдерін эфирге шығарды. Үлкенге сыйлы, кішіге қамқор бола білді. Батыс Қазақстанға келген өнер тарландарынан да сұхбат алып, көрермендерімен қауыштырып отырды.
null  

Студент кезінде-ақ жақсы өлең жазып, көзге түскен, Сағи Жиенбаевтай бірегей ақыннан бата алған Ботагөздің балауса жырлары 1979 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Бес қоңырау» жинағына енді. Кейін «Мәңгі көктем», «Наздәурен», «Ғұмырдария» кітаптарын шығарған ақын сонымен қатар айтыстың да жүгін көтеріп, республикалық додаларда облыстың намысын қорғады. Осы Оралда өзі жетелеп өсірген жалғыз ұлы Дәуреннен немере сүйіп, енді-енді қызығын көріп келе жатыр еді. Сәнді де мәнді ғұмыры елу жасында қиылып кетті. Ақынның 60 жылдығына орай «Қазақстан - Орал» телеарнасы Гүлжан Абайқызының арнайы хабарын шығарды. Әрине, Боташ Баймұқанқызының еске алу кешін бұдан да кең көлемде ұйымдастырса, еш артық емес.

Көрмеге ақынның өзі тұтынған бұйымдарынан бастап, кітап, суреттеріне дейін, барлығы алпысқа жуық жәдігер қойылды. Көрме осы айдың аяғына дейін жұмыс жасамақ.
null  

Соңғы жаңалықтар