Оралда алғашқы жауған қар көлік қозғалысына қиындық келтірді
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында кеше кештен бері жауған алғашқы қар көшелерді басып қалды.
Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, қардан тазарту жұмыстарына 139 арнайы техника, соның ішінде 25 құм төсегіш, 30 «МТЗ» тракторы, 53 «КамАЗ», 27 тиегіш, тротуарларға арналған 4 «ВТЗ» тракторы жұмылдырылған.
«Ең алдымен техникалар жол қауіпсіздігі үшін негізгі және магистральдық көшелерді тазартуда. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін қалған көшелер мен жеке секторларға кезек келеді. Қазіргі уақытта «Асан» және «Балауса» полигонында 30 мың тонна құм-тұз қоспалары дайындалды. Қала көшелерінде жол-көпір шаруашылығының 300 жұмысшысы жұмыс істеуде. Қол жұмыстары саябақтар мен скверлерде жүргізіліп, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер өткелдері тазалануда», — деп хабарлады ведомстводан.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, жауған қардың салдарынан көктайғақ пайда болып, көлік қозғалысына қиындық келтіруде.
Мұны әлеуметтік желіде таралып жатқан бейнежазбалардан көруге болады.
Қаланың шеткі аудандарында көше жолдары әзірге қардан тазаланып жатқан жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында көше жолдары қардан қалай тазартылатынын жазған болатынбыз.