Оралда апатқа ұшыраған МИ-8 тікұшағы туралы не білеміз

None
Фото:t.me/qr_tjm
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кеше Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» ұйымының тікұшағы апатты жағдайда қонды. Қайғылы оқиға 4 адамның өмірін жалмады, 2 адам зардап шекті. Қазір апаттың себептерін анықтау үшін тергеу жүргізілуде. Осы орайда, ҚазАқпарат агенттігі бұған дейін МИ-8 тікұшақтарының қатысуымен болған апаттар хронологиясын жасады.

Мәлім болғандай, кеше апатты жағдайда қонған тікұшақ сағат 10:40-та «ҚазТрансОйл» АҚ өтініші бойынша Атыраудан ұшып шығып, Оралға бағыт алған. Бортта 6 адам - 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болған. Тоқтала кететін дерек – бұл техника зауыттан 2021 жылы шығарылған. Тікұшақтың ұшу мерзімі - 250 сағат. Биыл 17 қаңтарда оған Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетілген. Төтенше жағдайлар министрілігінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, МИ-8-де ақау анықталмаған. Енді 7 жылдан кейін, яғни 2030 жылы аталған техника алғашқы күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын.

Фото: t.me/qr_tjm

МИ-8 тікұшағы жайында не білеміз?

Жалпы, МИ-8 - әлемде жаппай шығарылым саны бойынша рекорд орнатқан тікұшақ. Оның бүгінге дейін барлық модификациялардағы 17 мың данасы дайындалған. Техиника әлемінің 50-ге жуық елінде азаматтық және әскери мақсаттар үшін пайдаланылады.

Тікұшақты жаппай шығару ісі 1965 жылы қолға алынды. Бұл орайда аталған әуе техникасының әуелде тек әскери мақсатта қолдану үшін құрастырылғанын айта кеткен жөн. Дегенмен уақыт өте оның техникалық мүмкіндіктері жетілдіріліп, азаматтық бағыттағы түрлері де өнідіріске қойылды. Атап айтқанда, кеше еліміздің батыс өңірінде апатқа ұшыраған МИ-8АТМ тікұшағының модификациясы іздестіру-құтқару жұмыстары мен жүк тасымалдауға арналған. Оның өндірісі 1991 жылы басталған.

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» АҚ дерегіне сәйкес, қолданыстағы МИ-8АТМ тікұшақтарында 3 экипаж мүшесіне және 28 жолаушыға орын қарастырылған. Оның ең жоғарғы жылдамдығы 250 км/сағ, толық жанармай багімен 500 шақырым қашықтықты еңсереді. Техника 4 тоннаға дейінгі жүктерді тасымалдауға қауқарлы.


«Қазавиақұтқару» МИ-8 тікұшақтарын қандай жұмыстарға жұмылдырды?

ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, «Қазавиақұтқару» авиапаркінде 31 тікұшақ бар (Ми-8Т – 1, Ми-171 – 2, Ми-8МТВ – 1, Ми-8АМТ - 7, ЕО-145 – 16, Н-145 - 2, Н-130 – 2). Техника тиесілі ұйымның авиациялық жұмыстарды орындауға тиісті куәлігі мен тікұшаққа техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша сертификаты бар.

Фото: kazaviaspas.kz

Құтқару жұмыстарына жұмылдырылатын тікұшақтар еліміздің 15 өңірінде орналасқан және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету күнделікті кезекшілікте тұрады.

«Қазавиақұтқару» мәліметі бойынша Ми-8АТМ қауіпті аймақтарға гуманитарлық жүктерді, құтқару жасақтарын және арнайы техниканы жеткізу бойынша қызметтерді көрсетеді. Сонымен қатар, олар Алматы қаласы маңындағы су тасқындары мен тау бөктері аймақтарын аралауға, апатқа ұшыраған балықшыларды құтқаруға және дала мен орман өрттерін сөндіруге жұмылдырылады.

«Қазавиақұтқару» техникалары мен арнайы жасақтары бүгінге дейін Алматы, Батыс және Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарындағы ірі су тасқындары кезінде адамдарды су басқан жерлерден эвакуциялап, бірнеше мың адамның өмірін құтқарып қалған.

Фото: kazaviaspas.kz

Тікұшақтар былтыр Қостанай, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында болған ірі табиғи өрттерді сөндіру үшін тартылған. Бұдан басқа, Министрліктің әуе кемелері мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін білікті медициналық мамандарды жеткізу, науқастарды шалғайдағы елді мекендерден аудандық, облыстық, республикалық медициналық мекемелерге тасымалдау бойынша рейстерді орындайды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов жыл сайын «Қазавиақұтқару» ұйымының авиациялық парк жаңарып жатқанын атап өтті.

Қазақстанда бұған дейін де МИ-8 тікұшақтары бірнеше рет апатқа ұшыраған

Қазақстанда осы уақытқа дейін МИ-8 тікұшақтары бірнеше рет апатқа ұшыраған.

2008 жылы 28 ақпанда Қызылорда облысындағы Жалағаш кентінде МИ-8 тікұшағы құлады. Әуе кемесінің бортында 3 экипаж мүшесі мен 15 жолаушы болған. Апат салдарынан 5 адам - 2 экипаж мүшесі мен 3 жолаушы қаза тапты.

2009 жылы 8 қыркүйекте Қазақстанның ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасының «Арлан» барлау-іздеу тобының МИ-8 тікұшағы қазақ-өзбек шекарасының маңындағы Өгем шатқалында апатқа ұшырады. Тікұшақта экипаж құрамын қоса есептегенде 13 адам болған. МИ-8 тікұшағының апатынан 10 адам қаза болды, қалған үшеуі ауыр жараланған.

2010 жылы 12 наурызда Шығыс Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің МИ-8Т санитарлық тікұшағы апатқа ұшырады. Құтқарушылар Үржар ауруханасында жатқан 1 науқас пен бірнеше босанған әйелді Мақаншы ауылына жеткізу үшін бағыт алған. Бортта жалпы саны 8 адам болған. Экипаж мүшелері мен жолаушылардың барлығы көз жұмды.

2012 жылыАтырауда тағы бір МИ-8 апатты жағдайда қонды. Оның бортындағы барлық 6 адам аман қалды. Бірақ апат себебі сол күйі анықталмады.

2012 жылы 29 қарашада Алматы облысының аумағында «Еуро-Азия Эйр» компаниясына тиесілі МИ-8 тікұшағының қалдықтары табылды. Тікұшақ Атасу-Алашанькоу мұнай құбыры бағытында ұшып шығып, 24 қарашада Көктұм-Достық аудандарының аумағанда жоғалып кеткен. Борттағы 8 адамның барлығы қаза тапты. Қайғылы оқиғаның себебін анықтауға 2 жыл уақыт кетті. Апатты тексерген комиссия шешіміне сәйкес, бұл оқиға тікұшақ командирінің қателігінен болған.

Фото: zakon.kz

2017 жылы МИ-8 тікұшағы Ақтөбе облысында да апатқа ұшырады. Оның ішінде 4 адам болған. Абырой болғанда ол кезде орттағы барлық б адам аман қалды.

2019 жылы 27 наурызда Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданының маңында Қазақстан Әскери әуе күштеріне тиіселі МИ-8 тікұшағы құлады. Апаты салдарынан 13 әскери қызметші қаза тапқан. Тексеру қорытындысына сәйкес, МИ-8 техникалық ақау кесірінен құлаған. Мамандар зерттеуі бойынша ол кезде ұшу аймағындағы метеожағдай тұрақты болған. Ал ұшқыш қауіпті әрі қиын тапсырмаларды орындап жүрген кәсіби маман деген ұйғарым шығарылды.

Көршілес елдердегі МИ-8 тікұшағы апаттарының хронологиясы

МИ-8 әлемге сенімді тікұшақ ретінде белгілі болғанымен, кейінгі бірнеше жылда бұл техникаға қатысты апаттар жиілеген. Әрине, олардың басым бөлігі тікұшақты шығаратын көршілес Ресей елінде болды.

Ресми мәлімет бойынша Ресей Федерациясы аумағында 2018-2021 жылдар аралығында 34 МИ-8 тікұшағы құлаған. Салдарынан 45-тен астам азамат қаза тауып, 60-қа жуық адам түрлі жарақат алған. Айта кетейік, апатқа ұшыраған әуе техникаларының барлығы азаматтық мақсаттар үшін пайдаланылған. Талдау көрсеткендей, тікұшақтардың көбі оқу-жаттығу кезінде және қызметкерлерді мұнай бұрғылау орындарына тасымалдау кезінде құлған, кейібірі шұғыл қонған. Бұл жағдайлардың себебі ретінде техникалық ақаулар, ауа-райының қолайсыздығы мен ұшқыштың қателігі екені көрсетілген.

Қырғыз Республкасында да бірнеше мәрте азаматтық мақсаттғы МИ-8 тікұшақтары аптқа ұшырады. Осы орайда, ең ірі 2 оқиғаға тоқталсақ.

2000 жылы 15 наурызда Қырғызстанның Көкқия елді мекенінен 24 шақырым жерде «Air Kyrgyzstan» әуекомпаниясына тиесілі МИ-8Т тікұшағы құлады. Техника таулы жерлерде жедел маневр жасау кезінде төменге құлдилаған. МИ-8 таудың етегіне құлап, өртеніп кетті. Бортта болған барлық 8 адам оқиға орнында жан тапсырды.

2004 жылы 15 наурызда аңшыларды таулы жерлерден эвакуациялауға жұмылдырылған «Дамес» авиакомпаниясының Ми-8МТВ тікұшағы Бішкектен 450 шақырым жерде апатты жағдайда қонды. Бортта 20 жолаушы мен 4 экипаж мүшесі болған. Тікұшақ күрделі метеожағдайға байланысты төмен биіктікте ұшып келе жатқан сәтте жерге құлаған. Салдарынан 2 адам қаза тапты.


Соңғы жаңалықтар
telegram