Оралда армян мәдениеті күнінде «Арарат» ансамблі өнер көрсетті (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚХА жылы аясында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында армян мәдениетінің күні өтті.
None
None

Мереке аясында армян халқының мәдениеті мен өнері туралы мол мағлұмат беретін кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Мирзоян» этномәдени бірлестігінің атынан Армен Амирханян Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал саясаттың арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен ұлтаралық келісім орнап отырғанын атап өтіп, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер өкілдеріне бірлескен жұмысы үшін ризашылығын білдірді.

Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақовтың айтуынша, еліміздің өркендеуіне армян ұлтының өкілдері де сүбелі үлестерін қосып келеді. Жуырда Оралдағы іргелі кәсіпорынның бірі «Зенит» зауытын қырық жылдай басқарған Петр Атоянның 100 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Қазақстанның дамуына өмірін арнаған басқа да көрнекті қайраткерлер баршылық. Мәдениеті мен жазу-сызуы көне болып есептелетін армян халқының өзіндік салт-дәстүрі бар, ұлттық құндылықтарға айрықша мән береді. Қазіргі кезде Арменияның Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі атануына байланысты екі ел арасындағы қарым-қатынас одан сайын нығая түсетіні анық.

Армян мәдениетінің күніне орай концерт қойылды. Онда әсіресе, құрылғанына үш жылдай уақыт болғанымен, тек Орал ғана емес, Ақтөбе, Атырау қалаларында өнер көрсетіп, біршама танылып үлгерген «Арарат» би ансамблі репертуарының әр алуандылығымен көрермендерге ерекше ұнады.

Соңғы жаңалықтар