Оралда әскери психологтар бас қосты (ФОТО)

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қолбасшылықтың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы, подполковник Әлішер Әбдірасыл жетекшілік еткен жиынға Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Орал гарнизондарының психологтары қатысып, кәсіби шеберліктерін ұштады. Көктемгі әскерге шақыру алдында психологтар көкейкесті мәселелерді талқылап, тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, жаңадан келетін жастарды әскери ортаға бейімдеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Соның ішінде өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алудың маңызы зор екендігі айтылды.
Жиын барысында облыстық психикалық денсаулық орталығы, БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, «Инсайт» психологиялық орталығының мамандары сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салды.