Оралда атақты әнші Ғ.Құрманғалиев туралы «Әнімен елін тербеген» атты жаңа кітаптың таныстырылымы болды

Қазақстан халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев туралы «Әнімен елін тербеген» атты жаңа кітаптың таныстырылымы болды.
Алматыдағы «Дайк-Пресс» баспасынан шыққан жинақты құрастырған Ғарекеңнің немересі Меруерт Санатқызының айтуынша, кітапқа әнші-композитор замандастарының естеліктері, жеке құжаттарының көшірмелері, фотосуреттері, әндері, ақындардың арнау өлеңдері, басқа да құнды материалдар енгізілген. Аталмыш кітап Ғ.Құрманғалиевтің 100 жылдығына байланысты шығарылған.
Тұсаукесер рәсімінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева өз тілегін елдік, ұлттық мәселелермен ұштастырса, айтыскер-әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев Мұхит, Ғарифолла әндерінің республика көлемінде дұрыс үйретілмейтіндігіне, жақсы орындаушылардың Астана, Алматы қалаларына орналаса алмайтындығына тоқталды. Жиынға қатысушылар өңірдегі басқа да әнші-композиторлардың мұраларын жарыққа шығару қажеттігін атап көрсетті.