Оралда ауласын су басқаны жөнінде тұрғындардан 600-ге жуық өтініш түскен

Орал
Фото: Орал қаласы әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда су тасқынының алдын алу бойынша қалалық штаб 15 наурыздан бастап жұмыс істеп жатыр.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің брифингіде мәлім еткеніндей, қалалық штабтың жедел желісіне тұрғындардан ауласын су басу туралы 249 мекенжай бойынша 600-ге жуық өтініш түскен.

Жандос Асхатұлының сөзіне қарағанда, өтініштер көбінесе Зачаган, Деркөл кенттерінен, жеке тұрғын үй секторларынан түсуде. Атап айтқанда, Зачаган кентінде Көктем, Кең дала шағын аудандары, Нарын, Баян сұлу, Шұғыла, Жерұйық, Деркөлде Шәкәрім, Майқы би, Байзақов, Майлин, Абылай хан, Қалдаяқов, Совет көшелері және 2-жұмысшы, Ескі әуежай шағын аудандары. Өтініштер бойынша қала әкімдігінің қызметкерлері орынға шығып, жағдайды бағамдап, қажетті іс-шараларды қабылдап жатыр. 

«Қазіргі уақытта қала бойынша барлық коммуналдық жүйе қалыпты жұмыс істеп тұр. Кәріз коллекторларының еріген қар суымен толып кетуіне және тұрғын үй алаптарын сарқынды және еріген су басу қаупіне байланысты қала бойынша су беру қысымы төмендеуі мүмкін. Ескі әуежай және Зачаган кентінің Кірпіш зауыты ауданында 750 абонент уақытша жарықсыз қалды. Апаттық бригада жарықты қалыпқа келтіру жұмысын жүргізуде. Жарықты сағат 13.00-де беру көзделуде», - деді Ж.Дүйсенғалиев.

Оның айтуынша, су тасқыны кезеңі басталғалы 30 367 текше метр қар суы сорылып, жыл басынан бері 679 мың текше метр қар қала аумағынан шығарылған.

Су тасқынының алдын алу жұмыстарына су соратын 70 техника тартылды. Бүгіннен бастап оның саны 100-ден аспақ. Сондай-ақ 108 қосымша техника іске қосылды. 18 мың құмды қапшық дайындалып, қажетті жерлерге жеткізілуде.

Орал қаласы бюджеті есебінен жергілікті атқарушы органдардың резервінен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға 185 млн 738 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. 

«Төтенше жағдай болған жағдайда тұрғындарды эвакуациялау үшін қала бойынша 27 пункт әзірленді. Сонымен қатар су басу қаупі төнген жағдайда халықты орналастыру үшін 3 мәдениет үйі, 1 спорт кешені және Зачаган кентіндегі Ақан сері 47/1 мекенжайы бойынша салынған 9 қабатты үйдің бірінші қабатындағы орындар белгіленді (барлығы 700 орын) және зардап шеккендерді уақытша орналастыру үшін облыс орталығындағы 6 қонақүй кешендерімен ниет-шарттар жасалды. Одан бөлек, қаламызда орналасқан туристік лагерьлер және спорт нысандарының тізімі жасақталды. Жайық, Шаған, Деркөл өзендері тасып, саяжайларды су басқан жағдайда тұрғындарды сол нысандарға орналастыру жоспарлануда», - деді Ж.Дүйсенғалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласының көшелері суға тола бастағанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар