Оралда автобуста кондукторларға қол жұмсаған бұзақылар ұсталды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында автобуста кондукторларға қол жұмсаған бұзақылар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 16 мамыр күні кешкісін №2 бағытта жүретін автобуста болды.

«Сағат 19.30-да белгісіз біреулер автобус ішінде бұзақылық ниетпен 2000 және 1997 жылғы жігіттерге дене жарақаттарын келтірген. Біріншісінің самай тұсы, екіншісінің мойны көгерген. Дәрігерлер қарағаннан кейін үйлеріне жіберілді. Қабылданған жедел іс-шаралар нәтижесінде 1991 және 1970 жылғы ер адамдар ұсталды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігіне (бұзақылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Аталмыш бап бойынша айыпты деп танылған адам бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», деп хабарлады ведомстводан.

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, зардап шеккендердің екеуі де – кондукторлар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жасөспірімнің үш күннен бері іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар