Оралда әйелдерге арналған оңалту және бейімдеу орталығы құрылып, жұмыс жасауда

«Орал қалалық әйелдерге арналған оңалту және бейімдеу орталығы» МКК директоры Ганди Шамкелованың айтуынша, бұл - облыстағы осындай алғашқы орталық.
Өмірде қиындық көрген әйелдер осында келіп, мекеме қызметкерлерінен қажетіне қарай психологиялық, дәрігерлік, заңгерлік көмек алады. Қажет болған жағдайда олар осы орталықта белгілі бір мерзімге дейін тұра алады. Мекемеге заңгер, педагог, психолог, дәрігер мамандары жұмысқа тартылды. Аспазшы да тәжірибелі жан, оның даярлаған ас мәзірі келушілер көңілінен шығуда. Жұмысын жаңадан бастаған орталық көмегіне әзірге жиырма шақты әйел жүгінді. Олардың ішінде екі әйел бала-шағасымен біреуі 14, екіншісі 18 күн осы орталықта өз-өздеріне келгенше тұрды.
«Біздің міндетіміз - отбасыны ажырату емес, керісінше, оларды бірлікке шақырып, татуластыру. Орталық қызметін пайдаланғандар ішінде бірін-бірі түсінісіп, тату-тәтті тірліктеріне қайта көшкендер де бар. Қалалық мекеме болсақ та, бізге кейде алыс аудандардан да әйелдер келіп, кеңес алады. Ауырып тұрса, дәрігеріміз қарап, оларға да көмек көрсетеді.. Осылайша гендерлік саясат шеңберінде еліміздің түкпір-түкпірінде құрылып жатқан осындай орталықтар адам өміріне қажеттігін дәледеуде», дейді Г.Шамкелова.
Орталық қызметін пайдалану үшін әйелдер учаскелік инспектор арқылы ішкі істер басқармасының немесе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасымен келуі керек. Мұнда келушілерді тәулік бойы қабылдайды. Кестеге сәйкес кезешілік ететін медицина қызметкерлері қажет болған жағдайда жапа шеккендерге шұғыл дәрігерлік көмек көрсетеді. Зорлыққа ұшыраған әйелдердің орталықта тұру мерзімі шектеулі, олар мұнда әрі кетсе, 30 күн тұра алады. Осы уақыт аралығында орталық қызметкерлері оларға құқықтық кеңес беріп, дәрігерлік көмек көрсетеді және құжаттарын реттеп, оларды құзырлы орындарға жолдайды. Сөйтіп, бастарындағы ауыр ахуалды жеңілдетуге тырысады.