Оралда балалар алаңында ер адам асулы күйі табылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 60 жастағы ер адам көпқабатты үйдің ауласында асулы күйі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға бүгін таңертең И.Ларин көшесі, 6 мекенжайында болды.
«Сағат 06.15-те И.Ларин көшесіндегі үйдің ауласындағы балалар алаңында 1961 жылғы ер адамның асылып тұрғаны жөнінде хабар түсті. Марқұмның өзі сол үйде тұрған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, жедел жәрдем сағат 07.00-де шақырылған. Ер адам азиат пішіндес.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғын үй өртеніп, 83 жастағы кейуананың ауруханаға жатқызылғанын жазған болатынбыз.