Оралда «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз» фестивалі мәреге жетті

Шара барысында қолданбалы өнер туындылары көрмесі ұйымдастырылып, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар гала-концерт қойды.
Фестивальге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолдау көрсетілуде. Мемлекеттің көмегі арқасында мүгедектігіне қарамастан, қалаған мамандығын меңгеріп, еселі еңбек етіп, қоғамдық өмірге белсене қатысып жүргендер аз емес. Олар толыққанды ғұмыр кешіп, Қазақстанның одан әрі дамуына өз үлестерін қосуда.
БҚО мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжановтың айтуынша, фестивальге он екі аудан мен Орал қаласынан іріктеліп келген 60 адам қатысты. Солардың ішінен 18 жасқа дейінгілер арасынан Айнұр Өтегенова (Бөкей ордасы ауданы) және 18 жастан жоғарылар арасынан қаратөбелік Қайрат Жұбандықов «Үздік орындаушы» атанды. Оған қоса көрме жұмысы бойынша Арман Айтбаев (Зеленов), «Үздік көркем сөз оқушы» аталымынан Бану Ысқақ (Сырым) озды. Осы жеңімпаздар өңір басшысы атынан дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға алғысхаттар, ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, өңірде 24 мыңдай мүгедек болса, соның 2,5 мыңдайы - балалар.