Оралда Батыс Қазақстан аймағындағы театрлардың форум-фестивалі басталды

ОРАЛ. 12 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Батыс Қазақстан аймағындағы театрлардың шығармашылық жағдайы және оны жақсартудың жолдары» деген тақырыпта Қазақстанның батыс өңіріндегі театрлардың форум-фестивалі басталды.
None
None
Аталмыш өнер мерекесіне Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов сынды театр майталмандары қатысуда. Қазақстан театр қайраткерлері одағының жауапты хатшысы Меруерт Жақсылықованың айтуынша, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен еліміз аймақтары бойынша осындай шаралар ұйымдастыру қолға алынып келеді. Мұндағы мақсат - театр саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау, саралау, тақырыптық семинар, шеберлік сыныптары сынды шаралар арқылы режиссерлар мен актерлердің шығармашылық деңгейін көтеру. Сондықтан бұл форумға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары әкімдіктері, мәдениет басқармаларының өкілдері, театр қызметкерлері қатысуда. Сонымен қатар төрт облыстың театрлары таңдаулы қойылымдарын көпшілік пен театр сыншыларының назарына ұсынбақшы. Мәселен, бүгін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Т.Әбдіковтің «Біз үшеу едік» драмасын (режиссері М.Ахманов) қойса, ертең Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры М.Азов, В.Тихвинскийдің «Ат тұяғын тай басар» аңызын (режиссері Е.Пермяков), Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы қазақ музыкалық драма театры Г.Хугаевтың «Серттесуін» (режиссері М.Абай-Ділдә) ұсынады. 14 қараша күні Ақтөбе облыстық Т.Ахтанов атындағы драма театрының қазақ труппасы Т.Ахтановтың «Күтпеген кездесуін» (режиссері Е.Кемал), БҚО А.Островский атындағы орыс драма театры В.Шекспирдің «Он екінші түн» комедиясын (режиссері О.Малуша), Атырау облыстық М.Өтемісов атындағы қазақ драма театры Ұ.Жөкенов, А.Ихсановтың «Қарақшы-малайлар» трагифарсын (режиссері А.Ихсанов) сахнаға шығармақшы. 15 қараша күні Ақтөбе облыстық Т.Ахтанов атындағы драма театрының орыс труппасына да кезек тимек (О.Марк, «Уақыт дегеніміз - құс», режиссері Б.Нұрғалиев). Осы күні форум-фестиваль қорытындыланып, үздіктер марапатталады. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының 20 жылдық мерейтойы аталып өтіледі.
Соңғы жаңалықтар