Оралда Бауыржан Момышұлының өміріне арналған «Ноқтаға басы сыймаған» драмасы сахналанды

Спектакльді (суретшісі Қайыр Оразғалиев) белгілі режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов сахналады.
Қойылымда батырдың үйлену сәті, ауылына келген кездегі қарама-қайшылықтар, кеңес дәуіріндегі ұлттық тәрбиенің, қазақы салт-дәстүрлердің аяққа басылуы, өтіріктің өрге басып, жалғандық пен жаланың төрге озуы майдан көріністерімен қоса өріліп отырады. Тек қана ақиқатты ту еткен батыр әділетсіздіктерге қарсы тұра да біледі. Соғыс оқиғаларының да тек шындық тұрғысынан жазылуын қалайды ол. Қоғамда ұлттық рухтың жоғалып бара жатқанына жан-тәнімен наразы. Әсіресе, оның мемлекеттік тіл тұрғысындағы батыра-батыра айтқан өткір сөздері қазіргі кезеңмен үндесіп жатыр.
Жалпы, сценарийдің әлі де ұштай түсетін тұстарын айтпағанда, қойылым көпшілік көңілінен шықты. Елдегі Бауыржанның бейнесін Теміржан Матаев сәтті сомдаса, майдандағы батырды Манас Кенжетаев алып шықты. Әйелі Сәлима (Айнұр Вахитова), ағасы Нәмет (Самал Әбуов), жеңгесі Адыр (Эльмира Мақашева), жазушы Шибай (Талиғат Жігеров) және басқа рөлдер біршама нанымды деуге болады.
Премьераны тамашалау үшін Алматыдан арнайы келген Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова атасын сахналағаны үшін Ақ Жайық жұртшылығына ризашылығын жеткізді. «Атам «Мен өмірде де, өлгеннен кейін де тірілердің ортасында жүремін. Әйтеуір халықпен бірге болыңдар, сонда адаспайсыңдар» деп айтып отыратын. Сол сөздің шындық екеніне бүгін тағы көз жеткізіп отырмын. Ол өмір бойы ұлттық рухты ту етіп, қазақты әлемге танытқан күллі халықтың ортақ тұлғасына айналды. Осы спектакль - соның бір дәлелі», - деді З.Ахметова.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай арнайы қойылған аталмыш дүниенің шоқтығы биік екендігін атап өтті. Ол ұлттық рух пен тілді қорғап, елдікті насихаттауымен құнды. Отбасыдан бастау алған халықтық тәрбие қоғамда кең өріс алуы керек. Өмірдің өзегі де осында.