Оралда бір адамнан қару, екіншісінен есірткі табылды

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 23 қараша күні «Қару» жедел алдын алу шарасы барысында департаменттің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Гагарин көшесінен 22 жасар қала тұрғынын ұстады, тексеру кезінде одан атуға жарамды ТОЗ-43 маркалы, 12 ұңғылы шолақ аңшы мылтығы алынды. 25 қарашада Ә.Молдағұлова көшесінен 24 жасар азамат қолға түсіп, одан сараптама қорытындысына сәйкес 1070,27 грамм кептірілген марихуана тәркіленді.
Сондай-ақ өткен аптада кісі өліміне соқтырған екі бірдей оқиға болды. 25 қарашада қарттар үйінде жататын, спирттік ішімдікке салынатын адам ретінде есепте тұратын, 62 жасар 1 топтағы мүгедек ұрыс-керіс кезінде 58 жасар азаматты пышақтап өлтірген. Бір күннен кейін Подстепный-Елек жолы бойында «Ауди-А-6» автокөлігінің 22 жасар жүргізушісі арақашықтықты сақтамай, алда кетіп бара жатқан «ВАЗ-21070» автокөлігін түйген, соның салдарынан ол қарсы бетке шығып кетіп, «Сиат Алхамбрамен» соқтығысқан. Соның салдарынан «ВАЗ-21070» автокөлігінің жолаушылары 51 жасар әйел мен 44 жасар ер адам Федоров ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізілген. Алған жарақаттың салдарынан әйел адам көз жұмды.