Оралда бір күнде 312 текше метр қар шығарылды

Бір күнде шаһардан 312 текше метр қар шығарылды. Бұл туралы Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Тоқжанов мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі кезде қар шығару, тазалау жұмыстары жалғасуда. Бұған «Жайық таза қала» ЖШС-ның 325 жұмысшысы, 47 арнайы техникасы жұмылдырылған. Қар осыған дейін телеорталық, Анискин көлі, Асан аумағына шығарылса, оған қосымша Бортау мен «Болашақ» шағынауданынан 1 гектардан жер белгіленген.
Оралдағы көшелер мен жолдарды тазалаумен «Жайық таза қала» ЖШС айналысады. Жұмыс тәулік бойы жүргізіледі. Кәсіпорын қарамағында 108 арнайы техника бар. Көктайғаққа қарсы материалдар, атап айтқанда, 15 тонна бишофит, 15 мың тонна құм мен тұз қоспасы алынған. Жанар-жағар май алуға келісім-шарт жасалған.
«Қазіргі кезде кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 241,780 млн. теңгеге 11 коммуналдық-жол техникасын алуға мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде», деді Б.Тоқжанов.