Оралда бір күнде екі жол апатынан бес бала зардап шекті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында бір күнде екі жол апатынан бес бала зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, бірінші оқиға 25 сәуір күні шамамен сағат 21.00-де Сырым Датұлы көшесінде болды.

1957 жылғы жүргізуші «УАЗ» автокөлігімен келе жатып, 1979 жылғы Н. деген азамат айдаған «ВАЗ-21214» автокөлігімен соқтығысуға жол берді.

Кейін анықталғанындай, «УАЗ» автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде бұрылу кезінде жол бермеген.

Жол апаты салдарынан 5 адам зардап шексе, соның үшеуі –кәмелетке толмағандар.

Сондай-ақ шамамен сағат 23.40-та 1994 жылғы жүргізуші «Ниссан Максима» автокөлігімен Жазира мен Алмалы (Яблоневая) көшелерінің қиылысында 1985 жылғы Е. айдаған «ВАЗ-21122» автокөлігіне жол бермей, түйіскен.

Соның салдарынан «ВАЗ-21122» автокөлігі жол белгісіне барып соғылған.

Бұл жол-көлік оқиғасынан жарақат алған үш бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді.

Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, сағат 21.10-да С.Датұлы көшесі бойындағы «Нефтэк» жанар-жағар май стансасы тұсына жедел жәрдем шақырылды. Жол апатынан анасы мен оның үш қызы зардап шекті. 1981 жылғы әйелдің денесі көгерген. 2001 жылғы қыз бала миы шайқалған деген күдікпен облыстық аурухананың хирургиялық бөлімшесіне жатқызылды. Ішінен жабық жарақат алған деген күдікпен 2006 және 2008 жылғы қыздар облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді.

Сағат 23.40-та болған жол апатынан 2009 және 2019 жылғы ер балалар, сондай-ақ 2014 жылғы қыздың миы шайқалып, аналарымен бірге облыстық көпбейінді балалар ауруханасына апарылды.


Соңғы жаңалықтар