00:20, 28 Қараша 2015 | GMT +5
Оралда бірден үш қыз дүниеге келді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық мешітінің наиб-имамы Наурыз Ұбаев пен оның зайыбы Әлияның отбасында үшем өмір есігін ашты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматованың айтуынша, облыстық перинаталдық орталықта 27 қарашаға қараған түні араға бір-екі минут салып, үш қыз бала дүниеге келген. Олардың үлкенінің салмағы - 2 кг 330 грамм, бойы - 44 см, ортаншысынікі - 2 кг 290 грамм, бойы - 43 см, кішісінікі - 2 кг 600 грамм, бойы - 46 см.
Қазіргі кезде перинаталдық орталықта жатқан анасы мен сәбилердің жағдайы қалыпты. Сөйтіп отбасындағы баланың үлкені Әлижанның соңынан бірден үш бірдей қарындасы ілесті.
Айта кетейік, дәл сол күні үшеммен бір уақытта 22 нәресте өмір есігін ашса, соның 15-і - қыз, жетеуі - ұл бала көрінеді.