Оралда биыл қаржы коммуналдық саланы нығайтуға, жолдарды жөндеуге, құрылысқа жұмсалмақ

ОРАЛ. 2 қаңтар. ҚазАқпарат - Орал қаласының бірінші кезектегі өзекті мәселелері көрініс тапқан жоспарына сәйкес жаңа жылда қаржы коммуналдық саланы нығайту, жолдарды жөндеу, тұрғын үй құрылысына, әлеуметтік сала нысандарына жұмсалатын болады.
None
None

Қала әкімі Алтай Көлгіновтің сөзіне қарағанда, мәселен, Шаған өзені арқылы екі дюкер салу, С.Есқалиев пен Ж.Досмұхамедов көшесіндегі кәріздік коллекторды қайта жабдықтау, Деркөл ауылын газдандыруды жалғастыру, Зачаган кентіндегі жаңа шағынауданды жылумен қамту, «Инватакси» қызметін дамыту қолға алынбақ. Сондай-ақ қала көшелерінде су құбырлары қайта жаңғыртылмақ. Жергілікті бюджет есебінен автомобиль жолдары күрделі және орта жөндеуден өтеді.

Тұрғын үй құрылысы қарқын алып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушыларға және жас отбасыларға арналған жаңа үйлер бой көтереді. Сондай-ақ 5 және 7-шағынаудандар арасында қаланың жаңа алаңы салынады, оған республикалық бюджеттен қаржы тартылады.

Әлеуметтік нысандардан қала орталығында бұрын №42 орта мектеп орналасқан бұрынғы балабақша ғимараты шаһар қаражаты есебінен қайта жөнделіп, жаңа жиһаз, жабдықтар алынып, оған 360 бүлдіршін орналастырылмақ.

Өткен желтоқсан айында Астана қаласында Қарашығанақ жобасын басқару жөніндегі бірлескен комитеттің мәжілісінде жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік инвестициялары бөлінген болатын. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жүргізген келіссөз нәтижесінде «ҚПО б.в.» компаниясынан берілетін қаражатқа әуежайдан облыс орталығына дейінгі 8 шақырым автомобиль жолы қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ Деркөл ауылында Конькин көшесінің 5, Оралдағы Сарайшық көшесінің 2,5 шақырымы күрделі жөнделеді.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағы тұсынан Шаған өзені арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталып, оның оң жағалауы қалалықтар демалатын аумақ ретінде абаттандырылады.

Соңғы жаңалықтар