Оралда «Бөкей ордасындағы жер үшін күрес» атты кітап таныстырылды

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов жаңа кітап жас ғалымның соңғы жылдардағы еңбегінің жемісі, өңір тарихын зерттеуге қосылған сүбелі үлес екендігін айтып, ақ жол тіледі. Бұдан кейін автордың әкесі Махамбет Ғиззатовпен бірге монографиялық жинақтың тұсауын кесті.
Шара барысында Саялбек Ғиззатов өзінің еңбегі, ғылыми ізденістері турасында сөз қозғап, оқырмандарының сауалдарына жауап берді.
Кітап авторын құттықтаушылар «Бөкей ордасындағы жер үшін күрестің» ел тәуелсіздігінің тура 25 жылдық торқалы тойы қарсаңында жарық көріп отырғандығын, оның халқымыздың азаттық жолындағы ғасырлар бойғы арпалысының өңірдегі бір кезеңін көрсететінін айтып, ғалымның алдағы уақытта да табысқа жете берулеріне тілектестігін білдірді. Шындығында Бөкей хандығында да туған жер үшін атқа мініп, ұрандатып, жауға шапқан батырлармен қатар шекара үшін шырылдаған қайраткер тұлғалар аз болмаған. Кітап солардың еңбегін әйгілеп, есімін ұлықтауымен де құнды.
Айта кетейік, Саялбек Ғиззатов 1984 жылы Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылында дүниеге келген. 2005-2013 жылдары М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы, факультет деканы қызметтерін атқарды. 2013 жылдан бері БҚО дін істері басқармасында бөлім басшысы ретінде осы салаға да өз үлесін қосып келеді. Отыздан астам ғылыми еңбектің авторы.