Оралда бокстан БҚО ашық біріншілігі өткізілді

Аталмыш жарысқа Оралдан қос команда, Ақтөбе мен Атыраудан да екі-екіден команда қатысты. Сондай-ақ берік қалыптасқан бокс дәстүрі бар Шыңғырлау, Бөрлі аудандарынан да боксшылар келді. Тағы бір қуанышты жағдай - бокс әліппесін енді-енді үйрене бастаған Ақжайық, Қазталов, Зеленов аудандары спортшыларының шаршы алаңға шыққандығы. 1999-2000 жылдары туылған жасөспірімдер қатысқан жарыс аса тартысты өрбіді.
Жалпы, Жайық спортына Қуаныш Уахасовтың есімі етене таныс. Өңірдегі бокс өнерінің аяғынан тұрып, өркендеуіне айрықша үлесін қосқан азамат. Ол кәсіпқой бокстан Роман Кармазиндей әлем чемпионын дайындады. Кейін біраз жыл облыстық балалар мен жасөспірімдер бокс мектебіне басшылық жасады. Сөйтіп, жергілікті жастарды дайындады. Шәкірттерінің алды республика, әлемдік додаларда топ жаруда. Білікті бапкердің еңбегі бағаланып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын иеленуі де - төккен тердің жемісі.
Айтулы бапкердің жүлдесі үшін бәсекеге түсіп, тартысты өткен турнирдің жүлдегерлері атанған балғын білек боксшыларға ұйымдастырушылар атынан арнайы медальдар мен алғысхаттармен марапатталды.
Қ.Уахасовтың айтуынша, бұл сайыстың мақсаты - бір жағынан, 6 сәуір күні Атырауда өтетін аймақтық чемпионатқа іріктеу. Осы турнирден соң және Шыңғырлау ауданында болатын жарыстың қорытындысымен бокстан Батыс Қазақстан облысының құрамасы жасақталады.