Оралда бой көтеріп жатқан жаңа үйлердің біреуі пайдалануға берілді

ОРАЛ. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласының Солтүстік-Шығыс шағынауданында 9 қабатты 240 пәтерлік жаңа үй пайдалануға берілді.
None
None

Соңғы жылдары қалада Елбасы тапсырмасымен тұрғын үй бағдарламасы бойынша біраз зәулім үйлер салынып, бірнеше жаңа шағынаудан бой түзеді. Тек соңғы екі жыл ішінде қаланың аталмыш ауданынан осымен екінші көп пәтерлі коммуналдық үй салынып отыр. Бұл қос үйдегі пәтерлер саны - 456.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің сөзіне қарағанда, екі жылда 157 соғыс ардагері мен мүгедегі (2000-2008 жылдары оларға тек 67 пәтер берілген), балалар үйінің 102 түлегі (2000-2008 жылдары 6 пәтер берілген), 26 майдангер жесірі (2000-2008 жылдары - 6 пәтер) тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осымен кезекте тұрған ҰОС ардагерлері толықтай баспаналы болды. Пәтерлер майдангерлерге басыбайлы берілді. Бұл - Елбасының оларға Астана күніне орай тартуы.

Бас мердігер «Альтаир» ЖШС салған аталмыш жаңа үй құрылысы өткен жылы басталған болатын. Мұндағы 240 пәтердің барлығы да бір бөлмелі. Үйдің сметалық құны - 959,007 млн. теңге. Облыс бюджеті есебінен тұрғызылған жаңа үйге ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, майдангерлер жесірлері, ауған соғысының ардагерлері, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қоныстанып отыр.

Орал қаласында сондай-ақ 128 пәтерлік жаңа үй (мердігері - «Болашақ-Т» ЖШС) биылғы қазан айында пайдалануға берілмек. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес республикалық бюджет қаржысына бой көтерген үй пәтерлері дәрігерлер мен мұғалімдерге несиеге берілмекші. «Отделстрой» фирмасы республикалық қазына есебінен салып жатқан 5 қабатты 75 пәтерлік үй алдағы жылы ақпанда іске қосылмақ. Мұндағы пәтерлер азаматтарға жалға беріледі.

Соңғы жаңалықтар