Оралда Чернобыль апатын жоюшыларға арналған ескерткіш ашылды

Оған қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың атап өткеніндей, биыл Чернобыль апатына 29 жыл толып отыр. Оның зардаптарын жоюға 100 мыңнан астам адам қатысса, соның 22 мыңы қазақстандықтар еді. Осы жандардың жанқиярлық ерлігі мен қажырлы еңбегі арқасында ғана апат ауқымы қысқарды. Олардың қаншасы соның салдарынан өмірден ерте кетті. Бұл ескерткіш Чернобыль апатын жоюшыларға құрмет пен тағзым іспеттес.
БҚО Чернобыль ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Таймановтың айтуынша, аталмыш апатты жоюға Батыс Қазақстаннан мыңнан астам азамат қатысса, соның қазір 300-ден астамы ғана қалды. Өзге адамдардың өмірін сақтап қалу үшін күрескен олар радиация сәулесіне ұшырап, мүгедекке айналды. Мемориалдық кешен облыс пен Орал қаласы басшыларының қолдауымен ашылып отыр.
Кешен авторы - оралдық суретші, дизайнер, «БҚО ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Дмитрий Волкогонов. Кешенді тұрғызуға бір жылдай уақыт кеткен. Саябақты абаттандыру мен ескерткіш орнатуға 150 млн. теңге жұмсалған.
Рәсімге сондай-ақ Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов, «Чернобыль одағы» РҚБ төрағасының орынбасары Марат Жүнісбек қатысты.