Оралда Д.Қажымов әндерін орындаушылардың республикалық байқауы мәреге жетті

Аталмыш байқауға Ақмола, Алматы, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан жасы отызға толмаған 12 әнші қатысты.
Атақты әнші, Қазақстан халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов бастаған қазылар алқасы өз қатарластарынан оза шапқандарды анықтады. Атап айтқанда, Ақжайық ауданының қос әншісі Дәурен Ғиылманов пен Әнуар Нұрғалиев - бірінші, ақтөбелік Ләззат Медетова, ақмолалық Жанат Аманғалиев, талдықорғандық Әбілтай Есентеміров - екінші, оралдық Құдайберген Сұлтанияров, жаңақалалық Римма Нұрсұлтанова, атыраулық Медет Қарамырза және сырымдық Шынтас Мұстажапов үшінші орынды еншіледі. Қалған орындаушылар да дипломант атанып, құр қалған жоқ.
Марапаттау Д.Қажымовтың шығармашылық кеші мен гала-концертке ұласты. Мерейтой иесін облыс әкімінің орынбасары Алтай Көлгінов өңір басшысы атынан құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Донеділ Қажымовтың иығына шапан жабылып, құшағы гүлге толды.
Гала-концертке Қазақстан халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Донеділ Қажымов, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Жұмағаным Рахимова, Қанатқали Қожақов сынды батысқазақстандық әншілермен қоса фестиваль лауреаттары қатысып, мерейтой иесінің әндерін орындады.