08:22, 06 Қараша 2013 | GMT +5
Оралда дәрігер науқастың ішінде мәрлі майлықты «ұмытып кеткен»
ОРАЛ. 6 қараша. ҚазАқпарат - Биылғы 23 қазанда облыстық клиникалық ауруханаға қарасты 2-хирургияның екінші бөлімінде 1967 жылғы М.Ихсанов деген азамат көз жұмды.

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кеуде және іш тұсынан пышақ сұғылған азамат 13 қазанда жарақат пунктіне жеткізілген. Қала прокуратурасы тексерісі кезінде сарапшы А.Конновтың жауабынан белгілі болғанындай, мүрденің сот-медициналық сараптамасы қорытындысына сәйкес марқұмның ажалы сапасыз медициналық қызмет көрсетуден екендігі анықталды. Атап айтқанда, ота жасалған кезде М.Ихсановтың ішінде мәрлі майлық (марлевая салфетка) қалып қойған, бұл іштің қабынуына (фиброзды перитонит) әкеліп соқтырған. Қала прокуратурасының ұсынысына сәйкес Орал қалалық ішкі істер басқармасы Абай полиция бөлімі ҚР ҚК 114-бабы 4-бөліміне сәйкес адам өліміне әкеліп соқтырған медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.