Оралда дәстүрлі офицер балы өтті

ҚР ішкі істер министрлігі ішкі әскерлері Батыс құрамасы басшылығының ұйымдастыруымен Орал гарнизонының тарихында қатарынан төртінші мәрте өткізілген офицерлік бал кешіне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.
Батыс құраманың баспасөз қызметінен Ерболат Сұлтановтың хабарлағанындай, салтанатты кешке Қазақстанның батыс аймағындағы әскери бөлімдер мен құрылымдардың өкілдері, ішкі және шекара әскерінің ардагерлері мен офицерлері шақырылды. Жиналғандарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы бір топ офицерлерге алғысхат пен бағалы сыйлықтар табыстады. Одан кейін мерекелік бұйрық оқылды.
Осы бұйрық аясында көптеген офицерлер алғысхат, медальдармен марапатталды. Кеш барысында Батыс құрама командирі, генерал-майор Бауыржан Әбжанов бірқатар облыстық мекемелер басшылары мен офицерлерді алғысхатпен марапаттады.
Офицер балы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаз жұлдыздарының қатысуымен салтанатты жағдайда өтті.