Оралда денсаулық сақтау ісінің үздігі Т.Чеусованың 75 жылдық мерейтойы атап өтілді

Денсаулық сақтау жүйесіне еңбек сіңірген ардагер дәрігерге құрмет көрсету үшін Алматы мен Семей қалаларынан әріптестері келді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамидолла Ирменовтің атап өткеніндей, жиырма бес жыл бойы облыстың бас терапевт-дәрігері болған Тамара Владимировна талай жас дәрігерді тәрбиеледі, бүгінде олардың кейбірі - медицина ғылымдарының кандидаттары.
Кешке арнайы келген республиканың бас ревматологы Ғалымжан Тоғызбаев: «Тамара Владимировна ревматолог ретінде облысқа ғана емес, елімізге танымал дәрігер. Осындай мықты дәрігерлердің арқасында облыс ревматологиясы дамыды», деді.
Семей мемлекеттік медициналық университетінің профессоры Р. Иванова сөз сөйлеп, бір кезде Т.Чеусова білім алған институт ұжымының сәлемін жеткізді.
Кардиолог, ревматолог, терапевт Тамара Чеусова әлі де тың. Ол облыстық клиникалық аурухананың сараптамашы-дәрігері болып қызмет атқарады.