Оралда Депо көпірі жөндеуден кейін қайта ашылды

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында Г.Бельгер көшесін Әбілқайыр хан даңғылымен жалғайтын Депо көпіріндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Оралда Депо көпірі жөндеуден кейін қайта ашылды
Фото: видеодан алынған скрин

Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, жөндеу аясында көпір үстіндегі 11 деформациялық жік қалпына келтірілді.

Жөндеумен қамтылған учаскенің ұзындығы – 536 метр. Жұмыстарды мердігер «Нұртем» ЖШС жүргізді.

- 26 маусымда басталған жөндеу жұмыстары екі аптаға жоспарланған болатын. Дегенмен мердігер компания белгіленген мерзімнен бұрын аяқтау үшін барлық қажетті ресурсты жұмылдырып, жұмысты мерзімінен бұрын аяқтады. Көпір жабынына жол таңбалары сызылып, толықтай жуылып, тұрғындар игілігіне қайта ұсынылды, - деп хабарлады ведомстводан.

Жөндеу кезінде көпір жабылғандықтан, қалада қатынас қиындап, көлік кептелісі болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласындағы Депо көпірі 15 күнге жөндеуге жабылатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар