Оралда дін тақырыбына арналған «Жәннат» драмасы сахналанды (фото)

М.Томановтың өзі сахналаған туынды тақырыбы - қазіргі таңда көкейкесті мәселеге айналып отырған діндегі адасушылық. Теріс ағымдарға ілесіп, отбасылық және ұлттық құндылықтарды тәрк етіп, қоғамнан аулақтағандардың тірлігі көз алдыңа келеді. Адасқандардың алды шетелдердегі қақтығыстарға аттанып, бірқатары сотталып та жатыр. Міне, театр әртістері осы шынайы өмірді суреттеп, мұндай жат қылықтардан елді, әсіресе, жастарды сақтандырады. Басты роль Сүйенішті Асылжан Жакин сомдаса, театрдың белді актрисаларының бірі, жуырда ғана қырықтың белесіне көтерілген Нұрлыгүл Жұбатова Ана бейнесінде шықты. Имамды Думан Омаров бейнеледі.
Айта кетейік, «Жәннат» драмасы БҚО дін істері басқармасының бастамасымен қойылды. Авторға теологтар Мақсат Раманқұлов пен Нұржан Стамбакиев кеңес берген.