Оралда «Домбыраның қос ішегі» атты күй кешінде әкелі-балалы Қазиевтер өнер көрсетті (ФОТО)

Бөкей ордасы ауданында тамыр жайған Қазиевтер әулеті әуелден күйшілігімен аты шықты. Марқұм Есел Қазиев (1927-1985) бала кезінде домбыра тартуды Сарыкенже Сәрсембиевтен үйреніп, жүзден астам күйді шерте білді. Соның ішінде ұмытыла бастаған, сирек тартылатын туындылар да бар еді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары өнер жанашырлары Мұрат Әуезов пен Болат Қарақұлов Есел Қазиевтен 28 күйді «Алтын қорға» жаздырып алды.
Есел домбырашының бір ерекшелігі, өзі орындайтын күйдің тарихын айтып отыратын. Дәл осы дәстүрді ұлы, республикаға танымал домбырашы Ермек Қазиев жалғастырып келеді. Оның қарындастары да күйшіліктен құр алақан емес. Ал Ермектің ұлы Асылхан - қазіргі мықты орындаушылардың бірі.
Кеш барысында әкелі-балалы домбырашылар түрлі туындыларды нақышына келтіре орындап, көпшілік көңілінен шықты. Соның ішінде Ермек Қазиев Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін Сейтектің домбырасымен тартып берді. Атақты Сейтек күйшінің домбырасы Есел мен Ермек арқылы бүгінде Асылханға жетіп отыр. Әкелі-балалы домбырашылар күй тартысты да көрсете білді. Сол секілді өңірге танымал домбырашылардан құралған ансамбль шетелдік шығармаларды орындады. Асылханның қыздары Айару мен Айзер мың бұрала билеп, кеш шырайын келтіре түсті.
Шара соңында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла өнер иелеріне шығармашылық табыс тілеп, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың атынан алғысхат табыс етті.