Оралда дүкен өртеніп, 20 адам эвакуацияланды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында Әбілқайыр хан даңғылында «Жайық» дүкенінде өрт болды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, дүкенде азық-түлік өнімдерінің жанып жатқаны жөнінде 4 қараша күні сағат 07.48-де хабар түскен.
«Дүкен бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. «Тілсіз жау» сағат 08.27-де оқшауланып, 08.41-де ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. ТЖД күштерімен 20 адам эвакуацияланса, соның төртеуі – балалар. 30 адам тұрғын үйден өздері шықты. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 29 адам, 9 техника жұмылдырылды. Қазіргі кезде оқиғаның себеп-салдары, келтірілген шығын анықталу үстінде", деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда өрт болған сауда орталығынан 150 адамның сыртқа шыққанын жазған едік.