Оралда Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне арналған айлыққа әзірлік мәселесі пысықталды
Осыған орай облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері орталығы дөңгелек үстел отырысын өткізді. Онда әлеуметтік кеселге айналған дерттің алдын алу бағытында тұрғындарды хабардар ету үшін шаралар жоспары талқыланып, пысықталды.
Орталық директорының орынбасары Зияда Молдағалиеваның сөзіне қарағанда, туберкулезбен күресте әлемдік тәжірибе жинақталғанына қарамастан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес жылына әлемде 9 миллионға дейін адам осы аурумен тіркеледі, екі миллиондайы қайтыс болады. Қазақстанда, сондай-ақ Батыс Қазақстанда тиімді кешенді шаралардың жүргізілуі нәтижесінде соңғы жылдары туберкулезбен сырқаттану деңгейі төмендеп келеді. Аталмыш дерттің алдын алуға денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында баса көңіл бөлінген. Айлық кезінде ауыл тұрғындары мен жастар арасындағы түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударылмақ. Осыған орай аудандарға сапарлар ұйымдастырылып, дәрістер оқылып, тұрғындар сауалдарына жауап берілмек. Студент жастар арасында да осындай шаралар өткізілетін болады.