Оралда екі қыз 1,6 келіге жуық синтетикалық есірткімен ұсталды
ОРАЛ. KAZINFORM — «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткіні таратты деген күдікпен 1999 жылғы екі қызды қолға түсірді.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, олар қала маңындағы орман алқабында ұсталды. Жеке тінту кезінде ұнтақ зат салынған 30 орама табылды.
Кейін жалға алынған пәтерден тағы 125 орама, ақ және қызыл түсті ұнтақ заттары 5 контейнер, электронды таразы, zip-пакеттер, оқшаулау лентасы тәркіленді.
Сараптама нәтижесіне сәйкес 817,16 грамм Alpha-PVP, 782,44 грамм мефедрон, 192,13 грамм гашиш, барлығы 1 кг 599,6 грамм есірткі алынды.
— Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп, есірткі жеткізу арналары мен ықтимал сыбайластар анықталу үстінде, деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ер адам баласына қатыгездік көрсеткенін жазған болатынбыз.