Оралда екі студент әйелді өрт ішінен аман алып шықты
ОРАЛ. KAZINFORM – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері Есжан Сүлейманов пен Нұрислам Тәңірберген БҚО ТЖ департаментінің алғысхатымен марапатталды.

Аталмыш университеттен түскен мәліметке қарағанда, екі студент сонымен қатар ҚР Қорғаныс министрлігіне марапатқа ұсынылды.
Оқиға Жәңгір хан көшесі бойында 59-үйде болған. Кешкі сағат 22.00-ге таман пәтерлердің бірінен өрт шықты. Осы көпқабатты үйде тұратын Есжан Сүлейманов пен Нұрислам Тәңірберген ашық терезеден көрші пәтерлердің бірінен қою түтін шығып жатқанын көреді. Олар дереу көмекке ұмтылып, жиналып қалған тұрғындарға жедел жәрдем, өрт сөндіру және полиция қызметін шақыруды өтінеді. Сонымен бірге өрт шыққан үйде басқа да көршілерінің есігін қағып, тезірек далаға шығу қажеттігін ескертеді.
Бұлардың жанына 26-28 жас шамасындағы Дәурен есімді жігіт қосылады. Сөйтіп бесінші қабаттағы өрт шыққан пәтерге жанұшыра кірген жігіттер қою қара түтінге тап болып, керме төбенің опырылып түскенін байқайды. Өрттің қай жерден шыққанын бағдарлап үлгерген Есжан электр сымдары тұйықталып қалған шығар деген күдікпен Нұрисламға пәтердің электр жарығын айыруды өтінеді. Көзге ештеңе көрінбейтін қатты түтіннің арасына кіру мүмкін болмады. Соған қарамастан, ауыз-мұрындарын жапқан күйі бөлмелерді қарауға кіріседі. Әйел адамның даусы шыққан бөлмеге бет алған Нұрислам мен Дәурен 55-60 жас шамасындағы азаматшаны тауып алып, сыртқа алып шығады. Әйел есін жоғалтпағанмен, есеңгіреген күйде болды. Осы кезде оқиға орнына өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем мамандары да жетті.
Бір қуантарлығы, уақытында көрсетілген көмек пен студент-жастардың батылдығының нәтижесінде ешкім зардап шекпеді.
Есжан университеттегі ветеринария және агротехнология институтының төртінші. Нұрислам политехникалық институттың үшінші курсында оқиды. Екеуі де қосымша әскери кафедрада білім-білігін жетілдіріп, шыңдалған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тоқтар Әубәкіровтің суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалғанын жазған едік.