20:00, 16 Қараша 2011 | GMT +5
Оралда екі адамға «Орал қаласының құрметті азаматы» атағы берілді
ОРАЛ. 16 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Облыс орталығының нығайып, көркеюіне ерекше үлес қосқан Вениамин Мұқатаев пен Александр Потиченкоға «Орал қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Бұдан отыз жеті жыл бұрын Оралға келген В.Мұқатаев түрлі жауапты қызметтер атқарды. Соның ішінде қала басшысы болып та жемісті еңбек етті. Ал «Құрмет» орденінің А.Потиченко - құрылыс саласының майталманы. Ол басқаратын «Альтаир» ЖШС Орал қаласында ғана емес, өңір аудандарында көптеген ғимараттар тұрғызып, өз қолтаңбасын қалдырды.
Орал қалалық мәслихатының кезектен тыс 42-сессиясында аталған азаматтарға куәліктері табыс етіліп, сондай-ақ қала бюджетіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, бюджеттің кіріс бөлігі 662610 мың теңгеге ұлғайып, 18,7 млрд. теңгеден асты.