Оралда екінші еуразиялық спорт ойындарынан олжалы оралған дзюдошы қыздарға құрмет көрсетілді

Байрақты бәсекеде Батыс Қазақстан намысын қорғаған Гүлдана Әлмұхамбетова мен Аида Садықованың бірі чемпион атанса, екіншісі күміс медаль иеленді. Басқарма бастығы Мүсілім Оңдағанов табыспен оралған қос дзюдошыны құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Аида мен Гүлдананың жаттықтырушысы, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мәншүк Баданованың айтуынша, қыркүйектің 4-12-сі аралығында өткен спорт сайысына елімізден он дзюдошы барған еді. Бәрі де жүлдемен оралған. Атап айтқанда, қазақстандықтар алты алтын, екі күміс, екі қола жүлдеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Гүлдана Әлмұхамбетова 48 килә салмақ дәрежесінде финалдық сайыста Ресей қызын айқын басымдықпен ұтса, 63 киләда күрескен Айда Садықова екінші орынды иеленді.