Оралда электрод өндіретін зауыт іске қосылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «БатысГазСтрой» ЖШС өңірде бірінші болып электродтар өндіретін зауытты іске қосты.
None
None

Кәсіпорын директоры Сапарғали Айтқалиевтің айтуынша, цехта дәнекерлеу жұмысына қажетті электродтардың елуден астам түрін шығаруға болады. Газ, су өткізумен, жол және көпір құрылысымен айналысатын «БатысГазСтрой» ЖШС жұмыс барысында шетелден келетін электрод тапшылығын қатты сезінетін. Сондықтан мұны өздері өндіруді мақсат етіп, бұл ретте Мәскеу қаласындағы «РОТТЕКС» компаниясы қолұшын созып, мамандары жобасын дайындап, жабдықтарын орнатып берді. Зауыт жұмысшыларын да оқытты. Мұнда қазір 10 адам еңбек етеді. Зауыт ауысымына 2 тонна, тапсырыс болған кезде тәулігіне 6 тонна өнім шығара алады. Қазақстанның батыс аймағындағы сауда кәсіпорындары қазірдің өзінде осы өнімге қызығушылық танытуда. Бастапқыда электродтардың МР 3 және УОНИ 13/55 ныспылы екі түрін шығару көзделуде. Өнімнің 80 пайызын ішкі нарыққа, қалғанын шет елге жөнелту жоспарлануда.

Кәсіпорынның өз қаржысына салынған жобаның жалпы құны - 100 млн. теңге.

Жаңа өндіріс орнымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтың атап өткеніндей,  зауыт қаржыландыру жағынан мемлекет қолдауынсыз-ақ іске қосылып отыр. Бұл өңірде ел экономикасының қарқынды дамуына үлес қоса алатын кәсіпкерлердің көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Сапалы өнімнің өз тұтынушысын табары сөзсіз.

«РОТТЕКС» компаниясы өкілдерінің сөзіне қарағанда, бұл - аталған кәсіпорынның қолдауымен Қазақстанда іске қосылған екінші кәсіпорын. Бұдан бұрын ақпан айында мұндай зауыт Павлодарда ашылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар