Оралда «Ерлік сабағы» өткізілді

Онда М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттері 5515 және 5517-әскери бөлімі қызметкерлерімен кездесті.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған шара барысында ерліктің ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәстүр екендігі айтылды. 5515-әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қанат Беляковтың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында да Қарулы Күштер қатарында қызмет ете жүріп, батырлық көрсеткендерді ұмытпай, мақтаныш ету керек. ҚР Ішкі әскерлері Батыс құрамасының жауынгерлері Орал, Ақтөбе, Ақтау және Атырауда қызмет етуде. Олардың арасында үздіктері баршылық. Айталық, тәуелсіздік құрдасы Ербол Отарбаев Маңғыстау облысында түрмеден жаппай қашқандарды ұстау кезінде ерлік көрсетіп, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің ең жас иегері атанды.
Кездесу барысында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Сергей Погодин мен әдебиетші-ғалым Серікқали Шарабасовқа ІІ дәрежелі «Қайсар» құрмет белгісі табыс етілді.