Оралда «Ерлік шежіресі - ұрпаққа ұлағат» атты майдангерлермен кездесу болды

ОРАЛ. 7 мамыр. ҚазАқпарат -  Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Ұлы Жеңіс күніне орай «Ерлік шежіресі - ұрпаққа ұлағат» атты кездесу кеші өтті.
None
None

Шараға М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық, Орал гуманитарлық-техникалық, Құрманғазы атындағы саз колледждерінің студенттері мен әскери бөлім сарбаздары қатысты.

Кездесу барысында Ұлы Отан со­ғысы туралы деректі фильмнен үзінділер көрсетіліп, слайдтар арқылы соғыс сәттері туралы суреттер ұсынылды. Кештің құрметті қонақтары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Тө­реш Мұрадымов пен Лидия Губанова сөз алып, өмірлерінің өткен жылдарымен кеңінен таныстырды. 1942 жылы әскер қатарына шақырылған Т.Мұрадымов Орал қаласына көшірілген Ленинград байланыс училищесінде әскери мамандық алып, майданға аттанған. Венгрия мен Австрияны азат ете отырып, майдангер соғысты Вена қаласының маңайында аяқтапты. Мұнда кеңестік сарбаздар жау­ды Батыс жақтан тықсырған ағылшын одақтастарымен кездескен екен. Бір-бірімен қол алысып, құшақтасқан одақтас­тар әлемдік қантөгістің соңғы нүктесін қойды. Биыл тоқсанға келген Төреш аға ұзақ жыл ұстаз болып, арасында партия жұмыстарында еңбек етті. Қазір өңірдегі туған тіл жанашырларының бірі.

Лидия Губанова соғыс жылдарында радист мамандығын меңгерген бойжеткен жауынгерлік жолын Чехияда аяқтап, елге аман оралды. Сонан кейін көп жыл бойы партиялық жұмыста болды. Бір кездері облыстық аталмыш кітапханаға басшылық еткен. Қазір де өңірдегі қоғамдық өмірден қол үзген емес. Талай жыл «Фронтовичка» майдангер әйелдер клубының белсенді мүшесі болып, сахнада ән салды. Қазір сол клубтың бір кездегі 67 мүшесінен жетеуі ғана қалыпты. Соған қарамастан, майдангер әженің рухы биік, жүрісі нық.

Кітапхана директоры Роза Исатаева құрметті қонақтарды Жеңіс күнімен құттықтап, шынайы лебізін білдірді және гүл шоқтарын ұсынды.

Шарада ән шырқалып, би биленді. Сахналық көріністер де тартымды шықты. Әсіресе, Ж.Досмұхамедов атын­дағы педколледждің студенттер трио­сының (Рустам Хафезов, Ахметқали Ақтілек, Ғалымжан Махамбетұлы) орын­­-
дауындағы «Ескерткіш», «Ержүрек Мән­шүк» әндері айрықша әсерлі болды. Кеш соңы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Мұрат Әмірханов орындаған танымал орыс композиторы Д.Тухмановтың «Жеңіс күні» әнімен қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар