Оралда есірткі өсіретін жасырын фитозертхана жойылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Оралда «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында гаражының жертөлесінде заңсыз фитозертхана жабдықтаған қала тұрғыны ұсталды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, гараж кооперативтерінің бірінде есірткі затына жататын өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі белгілі болды.
1984 жылғы тұрғынға тиесілі гараждан шамдармен жабдықталған және жылуды сақтау үшін арнайы қапталған фитозертхана табылды.
— Полицейлер жедел іс-шара барысында аталған жертөледе 5 түп қарасора өсімдігі заңсыз өсірілгенін анықтады. Күдіктінің айтуынша, ол есірткінің тұқымдарын интернет-дүкен арқылы сатып алған. Оқиға орнынан 5 түп қарасора өсімдігі, ерекше иісі бар, сұр-жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған түйіншек, 2 дана жарық шам, 5 ыдыс тыңайтқыш тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жол ережесін 25 рет бұзған 21 жастағы жүргізушінің жалған нөмірмен жүргенін жазған едік.