Ай-күні жақындап, эвакуациялық пунктке қоныстанған әйелге көмек көрсетілді

босанған әйел
Фото: М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында эвакуациялық пунктте тұрып жатқан Раушан Табынова төртінші баланың анасы атанды.

Өзінің айтуынша, зайыбы Айдос Жұмағалиев екеуі 2019 жылы мамыр айында 1-саяжай қоғамдастығы аумағынан жазғы үй сатып алған.

Содан кейін аталмыш үйді қыста тұруға болатындай етіп қайта жөндеген. Биыл саяжайларға су басу қаупі төнгеннен кейін эвакуацияланып, отбасымен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің жатақханасына орналасқан.

«Сонда балаларымызбен бірге тұрдық. Онда да медицина қызметкерлері, эвакуациялық пункт мамандары жақсы көмек көрсетті. Кеше қалалық көпбейінді ауруханада аман-есен жеңілденіп, төртінші перзентімді бауырыма басып отырған жайым бар. Эвакуациялық орталыққа түскеннен бері өзіме тікелей хабарласып, өз жәрдемін беріп жатқан «AMANAT» партиясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Азамат Бисеновке де мың алғыс. Азамат ауруханадан шыққаннан кейін тұру үшін екі айға жайлы пәтер жалдап беріп жатыр. Кішкентайым екеуміздің жағдайымыз жақсы. Бұйырса, бүгін сол пәтерге барамыз», - дейді Раушан.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті
Фото: М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті

Оның сөзіне қарағанда, кішкентай ханшайымдарының есімін Назым деп қойған. Отағасы Айдостың тұрақты жұмыс орны жоқ, тас қалаушы. Раушанның өзі Д.Нұрпейісова атындағы музыка мектебінде кіші қызметкер болып жұмыс істеген. Үлкен қыздары Шырын Оралдағы № 19 мектепте 8-сыныпта, ұлдары Нұрдос № 22 мектепте 6-сыныпта оқиды, Назымның апасы Іңкәр «Балауса» балабақшасында тәрбиеленеді.

«№19 мектеп жақын. Ал № 22 мектептің арнайы автобусы оқушыларды осы жерден алып кетеді. Осындай қиын жағдай туындаған кезде қолұшын созып жатқан азаматтардың бәріне шын жүректен алғысымды айтамын. Жасаған жақсылықтары мың есе болып қайтсын. Елімізде тек тыныштық пен береке болсын деп тілейміз», деді Р.Табынова.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің баспасөз хатшысы Мөлдір Садырғалиева эвакуациялық пунктте 300 адам тұрып жатқандығын жеткізді.

«Эвакуациялық пунктте көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар да орналасқан. Олардың бәріне барынша жағдай жасалып жатыр», - деді М.Садырғалиева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО дәрігерлері Астанаға баруы тиіс жүкті келіншекті босандырып алғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар