Оралда фермадан қашып кеткен бұғы табылды

ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда «Северная сказка» фермасынан қашып кеткен бұғы табылып, кері қайтарылды.

Оралда фермадан қашып кеткен бұғы табылды
Фото: видеодан алынды

Оқиға солтүстік бұғысы өсірілетін «Северная сказка» фермасында болды. Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған мәліметке қарағанда, 7 ақпан күні кешкісін ферма аумағына ит кіріп, бұғыларды үркіткен. Содан соң біреуін қуа бастаған. Сосын Чук есімді бұғы қоршаудан секіріп, орманға қашқан. Бұғыны тұрғындар 8 ақпан күні сағат 17.00-де «Вымпел» бау-бақша серіктестігі мен шойын көпір арасында көрген.

- Бұғыны аман-есен жеткізіп берген адамға алғысымызды айтамыз және 500 мың теңге көлемінде сыйақы төлейміз, - деп жазды «Северная сказка» фермасы өз парақшасында.

Ферма 9 ақпан күні бұғының аман-есен табылғанын хабарлады.

- Қымбатты достар! Чукты іздеуге көмектескеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Әсіресе, «Рыбалка охота отдых» қауымдастығына жеке алғысымызды айтқымыз келеді. Жігіттер Чукты тауып, сап-сау күйінде жеткізді. Қайта оралуыңмен, Чук! - деді ферма өкілдері.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда орталық алаңның біріне қабан кіріп кеткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар