Оралда Ғұмар Қараштың ғылыми-зерттеу орталығы болуы керек

ОРАЛ. KAZINFORM – «Атамекен» өнер ордасында ақын, ойшыл, Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың 150 жылдығына арналған «Ұлттық рухты нығайтқан сөз шебері: Ғұмар Қараштың мәдени-тарихи келбеті» деген тақырыпта республикалық ғылыми конференция өткізілді.

Оралда Ғұмар Қараштың ғылыми-зерттеу орталығы болуы керек
Фото: Мәди Губайдуллин

— Тарих пен тұлға — егіз ұғым. Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлғалар аз емес. Соның бірі — көрнекті Алаш қайраткері, ойшыл-философ, ақын, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы Ғұмар Қарашқа 150 жыл толып отыр. Ғұмар Қараш 1875 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, азаттық жолына бар ғұмырын арнаған, — деді Қ.Меңдіғалиев.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Ханкелді Әбжанов Ғұмар Қараштың 1917 жылғы төңкеріске дейін-ақ қазаққа танылған тұлға екендігін атап өтті.

Оралда Ғұмар Қараштың ғылыми-зерттеу орталығы болуы керек
Фото: Мәди Губайдуллин

— Сондай құрбандыққа ұшырағандардың бірі Ғұмар Қараштың өмірі, тағдыры, артында қалған мұрасы әлі толық зерттелген жоқ. Сондықтан университеттер ғалымдары архивтерден, сол кездегі газеттерден деректер жинап, зерттесе Ғұмар Қараштың ел алдындағы, халық алдындағы тұлғасы даралана түсер еді, — деді Х.Әбжанов.

Оралда Ғұмар Қараштың ғылыми-зерттеу орталығы болуы керек
Фото: Гүлзара Төреғалиева

Филология ғылымдарының докторы, академик, профессор Шерубай Құрманбайұлы Ғұмар Қараштың ХХ ғасыр басында өмір сүрген ең көрнекті, білімді адамдардың бірі болғандығын айта келіп, оның қазақ әдеби тілінің қалыптасуына зор ықпал еткенін жеткізді.

— Ғұмардың дінтанушы, баспасөз тілінің дамуына атсалысушы, ақын, қайраткер, ағартушы ретіндегі сан қырын айтуға болады. Ғұмар Қараштың академиялық жинағын шығарған кезде оның түпнұсқасын бұзбау қажеттігін ескерген жөн, — деді Ш.Құрманбайұлы.

Оралда Ғұмар Қараштың ғылыми-зерттеу орталығы болуы керек
Фото: Гүлзара Төреғалиева

Ғұмар Қарашты өмір бойы зерттеп, арнайы монография жазған әдебиеттанушы ғалым, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәжімұрат осындай ірі тұлғаның 150 жылдық тойы республика көлемінде кеңінен аталып өтілмей, тек Батыс Қазақстан облысымен шектеліп қалғанына өкініш білдірді.

Оралда Ғұмар Қараштың ғылыми-зерттеу орталығы болуы керек
Фото: Гүлзара Төреғалиева

— Ғұмар Қараштың жыраулық поэзияны жинаудағы еңбегі, басқалардан ерекшелігі, қосқан жаңалығы зерттеушілердің назарынан тыс қалып келеді. Екіншіден, Ғұмар Қараштың ақындығынан гөрі, жазушы, публицист, қара сөздің шебері екендігі әлі бағасын алмай отыр. Үшіншіден, дінтанушы ретіндегі еңбектерін нық атап өтуге болады, — деді М.Тәжімұрат.

Соңғы жаңалықтар