Оралда Хан тоғайында оталған ағаштардың өртеліп жатқаны рас па
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы Хан тоғайында кесілген ағаштардың өртеліп жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Қала тұрғынының айтуынша, тәуір теректерді кесіп, діңін алып кеткен де, бұтақтарын жағып жатыр. Айналада ешкім жоқ, төтенше жағдай қызметкерлері де көрінбейді. Осыған байланысты Kazinform тілшісі мәселенің мән-жайын анықтау үшін тиісті мекемеге хабарласқан еді.
Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман қорғау инженері Аслан Зағыпардың мәлім еткеніндей, Хан тоғайында өрттен зардап шеккен орман алқабында санитарлық тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның сөзіне қарағанда, биылғы 27 шілдеде Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік орман қоры аумағындағы Хан тоғайында 18,0 гектар жерді қамтыған өрт оқиғасы тіркелген.
Қазіргі уақытта өрттен зардап шеккен аумақтың 11,7 гектар жерінде санитарлық мақсаттағы кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – орманның санитарлық жағдайын жақсарту, өрттен зақымданған және қураған ағаштарды алып тастау, сондай-ақ орман экожүйесінің табиғи қалпына келуіне жағдай жасау.
Өрттен зақымданған ағаштарды санитарлық мақсатта кесу орман ішіндегі санитарлық жағдайды жақсартуға, ағаш аурулары мен зиянкестердің таралуының алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар табиғи жаңару үдерісіне қолайлы жағдай қалыптасып, тамыр жүйесі мен табиғи өскіндер арқылы жас ағаштардың қайта өсуіне мүмкіндік туады.
Маманның мәлімдеуінше, аталған кеспеағаш аумағы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тиісті рұқсаты негізінде ашылған. Барлық жұмыстар қолданыстағы орман заңнамасының талаптарына сәйкес атқарылып жатыр.
Сондай-ақ санитарлық кесу жұмыстары барысында жиналған бұтақтар мен ағаш қалдықтарын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, жазғы ағаш дайындау және кеспеағаш орындарын өрттен кейін тазалау кезінде жиналған кесу қалдықтарын өртеу өрт қауіпті кезеңі аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады. Осыған байланысты кеспеағаш аумағындағы жиналған бұтақтар мен қалдықтар өртеліп отыр.
– Бұл жұмыстарды жүргізуге және аумақты тазартуға жергілікті бюджеттен арнайы қаражат бөлінбеген. Сол себепті санитарлық кесу, тазарту және қалдықтарды жою жұмыстары мекеменің өз қызметкерлерінің күшімен, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып жүзеге асырылуда. Өрттен зардап шеккен орман алқаптарын санитарлық тазарту және табиғи қалпына келтіру – мекеме қызметінің маңызды бағыттарының бірі, – деді А.Зағыпар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында Хан тоғайы отқа оранғанын жазған едік.
Сондай-ақ Оралда Жайық жағалауындағы ағаштар неліктен кесіліп жатқаны хабарланды.